21.05.2018 ж.

Аудандық полиция бөлімшесінің акт залында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу мақсатында кездесу өтті.

Кездесуге ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облыстық департаментінің бас маманы Нұржан Ихсанғалиев, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлықтың ұлттық бюросы бөлімінің тергеу басқармасының бастығы Ахмед Абакаров және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатысты.

- Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап пен жүктелетін жауапкершіліктің мәні зор. Әр адам өз құқығын қорғай білуі тиіс. Құқықтық біліктілік пен мәдениет, заңды сыйлау бірінші кезекте болғаны жөн. Ендеше, қазіргі қоғамда теледидардан көп айтылып, мерзімді басылым беттерінде жазылып жүрген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршаның ортақ ісі болуы керек, - деді алғаш сөз кезегін алған облыстан келген қонақ Нұржан Мергенұлы.

Өз ретімен сөз алған БҚО бойынша сыбайлас жемқорлықтың ұлттық бюросы бөлімінің тергеу басқармасының бастығы Ахмед Абакаров қызмет барысында түрлі сыйлықтар алуға болмайтынын қатаң талап етті. Павлодар облысындағы бір департамент басшысы қызметінде сыйлық алғаны үшін көп мөлшерде айыппұл төлегенін, қызметімен қош айтысқанын, қате басқандардың алдында жазаланатынын тілге тиек етті.

Кездесу барысында жемқорлықпен күресу бағытында бірлескен іс-шаралар нәтижелері таспаланған видеоролик көрсетілді.