Бүгін аудандық Достық үйінде «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Өрле, Қазақстан!» облыстық жастар ақпараттық-түсіндірме тобы мүшелері теректіліктермен кездесті. 

Шараға аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы кооперациясы бөлімінің бас маманы С.Аюпов, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Сакошев, облыстық технологиялық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Гильманова, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Абдрашит, «Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі» БҚО филиалының лидер-кеңесшісі Г.Айсекенова және жастар қатысты.

- Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Өрле, Қазақстан!» ақпараттық-түсіндірме тобы құрылған болатын. Топ мүшелері қатарында жастар саясатын жүргізуге жауапты мекемелердің мамандары, облыстық жастар ұйымдарының жетекшілері бар. Негізгі мақсатымыз - мемлекет тарапынан қолдауға ие болған түрлі бағдарламаларды жастарға түсіндіру, оларды қолдау, - деп «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиева шараның «шымылдығын» ашты.

Аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы облыстан келген қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Содан соң мамандар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» және т.б денгейдегі мемелекеттік, салалық, өнірлік бағдарламалар аясында сөз қозғады.

Діни ахуалдан сыр шерткен Абдрасул Абдрашит пен оңай әрі жылдам тұрғын үйлі болудың жолдарын айтқан банк қызметкері Гүлдана Айсекеноваға сұрақ қоюшылардың қарасы көп болды.

Жиын теректілік өнерпаздардың шағын концертімен аяқталды.