12 шілде күні аудан орталығы – Федоров ауылына елорда төрінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты келді. Олардың қатарында Г.Щегельский, С.Симонов, Е.Козлов, М.Магеррамов және Н.Микаелян болды.

Аудан әкімдігінің кіші залында қос депутат Наринэ Микаелян мен Магеррам Магеррамов Достық үйі, сот, прокуратура, ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесті.

Жиында төрағалық еткен аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев бас қаламыз - Астанадан келген қонақтарға ауданымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шертті.

Депутат Магеррам Магеррамов жұмыс сапарының мақсатын айтып, аудандық сот, прокуратура және ішкі істер бөлімі басшыларымен қоғамдық тәртіп, құқықтық мәдениетті дамыту, медиация т.б. бағытта өзара пікір алмасты. Әңгімелесу барысында толыққанды емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар, жасөспірімдер арасындағы суицид, мейрамдарда тұрғындардың тәртіп сақтауы сынды өзекті мәселелер де талқыланды.

Содан соң «Сябры» этномәдени бірлестігінің төрайымы Мария Плетеная Достық үйі қызметкерлерінің жай-күйі, жұмысы жөнінде қонақтарға мәлімет берді. Мария Матвеевна ауданымызда 29 ұлт өкілінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, халық қамы үшін 6 этномәдени бірлестіктің жұмыс істейтінін, ұлты әр түрлі болса да, бір шаңырақ астында бір атаның балаларындай күн көріп жатқан жерлестерін мақтан тұтатынын жеткізді. Сондай-ақ алтын уақыттарын бөліп, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, көптеген ақпаратпен бөліскен Магеррам Мамедович пен Наринэ Гамлетовнаға алғыс айтты.

Жиынға қатысушылар халық қалаулыларына көкейіндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.