Ауданда тікелей жастармен жұмыс жасайтын «Іс үшін-За дело» атты қоғамдық бірлестік бар. Соңғы екі-үш жылда аталмыш бірлестікке төраға шыдамай, шыдаса қаржы бөлінбей көп уақыт үнсіз қалған-тұғын.

«Бірлестікке кезекті бір төраға келді» дегенде онша мән бермегеніміз де сондықтан. Алайда бір ай көлемінде ауданда түрлі-түрлі шаралар легі өтіп, соның басы-қасында «Іс үшін-За дело» жүрген кезде таң қалғанымыз рас. 

Бәрі шағын футболдан Теректі лигасы ашылып, тартысты ойындар легі өтуден басталды. Футбол бәсекесіне аудан бойынша 16 команда қатынасып жатыр. Әр аптаның сенбі-жексенбісі Федоров ауылында тартысты ойындар өтіп, әр ауылдан аяқдопқа қызыққан жастар жиналады. Жақсы бастама ма? Әрине! 

Одан кейін аудандық Мәдениет үйінде жас отбасылардың басы қосылды. Олар өзара сынға түсіп, қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттады. Отбасы құндылықтары туралы айтып, Елорданың 20 жылдығына өз қолдарымен дайындаған сыйлықтарын қоса әкелді. 

Аудан жастарының бір арнаға тоғысып, өзара тәжірибе алмаспағанына да біраз болған еді. Сол олқылықтың орыны Подстепный ауылдық Мәдениет үйінде толды. Облыстық деңгейдегі жастар форуымын «Іс үшін – За дело»қоғамдық бірлестігі өткізіп, тағы бір мағыналы және ауқымды шараның басын қайырды. 

Осыт тақылеттес шараларды ұйымдастырушы ретінде бірлестік төрағасы Нұрлан Жасұланов(суретте) есімді жас төбе көрсетуде. Көп уақыт бойы «ұйқыда» жатқан бірлестікке жан бітіріп, аудан жастарын бір сілкінткен жаңа төрағаның жоспары жойқын. 

Нұрлан Жеңісұлы – 1996 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Федоров қазақ ЖОББМ-нің түлегі. Яғни аудан жастарының тыныс-тіршілігімен таныс. Облыс орталығындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлы-техникалық университетінде «Машина жасау» факультетін тәмәмдаған. Жоғары білімді, жан-жақты, ең бастысы қоғамда белсенді жас ауданға қажет еді. Нұрландай төрағаға ие болған «Іс үшін» білек сыбана іске кірісу тиіс-ақ.