26 шілде күні Теректі өңірінде республикалық «Шалқар толқыны» байқауы басталды. Дәл қазір Подстепный ауылдық Мәдениет үйінде байқаудың іріктеу кезеңі өтуде.

Байқауда бақ сынауға республикамыздың түкпір-түкпірінен 30-ға жуық өнерпаз келген. Атап айтсақ, Астана, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал және өңіріміздің 15 ауданының көмейіне бұлбұл ұя салған жез таңдай әншілері ән құдіретін танытпақшы.

Ән додасы 2 кезеңнен тұрады. Ең үздік әншілерді республикалық «Үкілі үміт» сайысының жеңімпазы, «Жас қанат – 2004» байқауының үздік компазиторы, Атырау қаласы Гимнінің авторы, композитор Болат Қоқаманов, түрлі халықаралық байқаулардың лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Марат Сарбөпеев, Теректі аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, композитор Жаскелең Ғайсағалиев, аталмыш өнер додасы – «Шалқар толқыны» жобасының авторы, облыстық халық шығармашылық үйінің директоры Мәулет Жұбатов таңдап алады.

Іріктеуден сүрінбей өткен өнерпаздар ертең Шалқар көлінің жағасында болатын гала концертте өнер көрсетеді. Сайысқа қатысушыларға сәттілік серік болғай!