31 шілде күні Теректі ауданындағы Достық үйінде жұмыс іздеуші жастарды ынталандыру мақсатында «Soft skills» семинар-тренингі ұйымдастырылды.

Семинар-тренингті БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары А.Жақсығалиева жүргізді. Шараға ауданның барлық ауылдық округтерінен жастар қатысып, қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін қалай жоюға болатындығы төңірегінде пікір алмасты. Қолдарында «табақтай» дипломы бар жастың жұмыс таба алмауы ақылға қонымсыз, әрине. Бұл мәселе адамның дұрыс мамандық таңдай алмауымен өзекті болып тұр. Яки, қоғамға қажетті мамандықтарды сараптап, ой елегінен өткізу де маңызды.

Семинардан соң жастар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 10 жұмыс беруші мекеме қатысып, 48 бос жұмыс орыны ұсынылды. Жәрмеңкеге 35-тен астам жас қатысып, «екі қолға бір күрек» табуға тырысты. Осындай маңызы бар шараны аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы өткізгенін атап өткен жөн.