24.07.2018 ж.

24 шілде күні аудандық Достық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Ақ бата» атты сайыс өтті.

Байқауға ауданымыздың түкпір-түкпірінен ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер келіп, бақ сынады.

Сайыста аудандық мешіттің бас имамы Е.Ебелекқажиев, ҚМДБ Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің наиб имамы М.Абдрахманов және «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Абдрашит төрелік етті.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында қолға алынған шарада алғаш боп ауданымыздың бас имамы Еркінбек Ебелекқажиев сөз сөйледі.

- Өздеріңізге белгілі қазақ халқы – рухани бай ұлт. Қасиетті ислам дінімен салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ұштастырған ата-бабаларымыздың бізге қалдырған қазыналарының бірі – бата. Халқымыз «Батамен ел көгерер, Жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, Батасыз ер жарымас» деп бекер айтпаған. Адамның адамгершілігі мен адами қасиетін оның тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Осындай асыл қазынамызды дәріптеу мақсатында ауданымызда ұйымдастырылып жатқан шараға алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге мың алғыс. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді бас имам Еркінбек Серікұлы.

Қазақ фольклорының дербес, шағын жанры – бата беруден сайысуға 14 үміткер қатысты. Сайыс 1 кезеңнен ғана тұрды. Үміткерлер байқау шарты бойынша еркін тақырыпта бата беріп, алақан жайып (бата берген кезде), бет сипады. 

Түрлі тақырыпта бата берген көнекөз қарияларымыздың ішінде делебесі қозып, сахнаға қайта-қайта шығып, 2-3 батаның басын қайырғандар да болды. 

Сайыс қорытындысы бойынша, алғабастық Орын Шаудирова ІІІ орынды иеленсе, Покатилов ауылының тұрғыны, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Ерғали Бекетов ІІ орынды қанжығасына байлады. І орын Ақжайықтың көпті көрген ақсақалы Сатхан Ахметжановқа бұйырды. Қалған қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.

«Қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелінген бата қазақ халқы үшін аса маңызды. Бір өкініштісі, қазіргі таңда бата мен тілекті ажырата алмай қалдық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, өскелең ұрпаққа батаның қадірін түсіндіру үшін аталмыш шараны ұйымдастырдық. Алдағы уақытта бұл сайыстың ауқымын кеңейтіп, облыстық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бағдат Адайхан.